Құдайға емес, көңіл қалауына құл болу
Құдайға емес, көңіл қалауына құл болу

Құран Кәрімдегі Қысас сүресінің 50 аятында Алла тағала өзінің сүйікті пайғамбары Мухаммедке (с.а.с) қарата: "Егер олар саған жауап бермесе, біліп қой, олар тек қу нәпсінің жетегінде кетіп, өз көңіл қалауларына ергендер. Алланың нұсқауын басшылыққа алмай, қу нәпсіге ергеннен өткен адасушылық бар ма?" деп айтады. Осы аятты оқып отырып мынадай бір оқиға есіме түсіп отыр. Бірде бір кәсіпкер кісімен бір көлікте сапарлас болдым. Өзі оқыған, көзі ашық жоғары білімді азамат екен. Аздап орысқұлдығы болмаса, былай тәп-тәуір кісі.

Сонда ол кісімен дін жайлы сөйлесе бастадық. Ол менен ислам жайлы қызықтап сұрай бастады. Мен де өзімше асыл дініміздің құндылықтары туралы тәтпіштеп әңгімелей кеттім. Ол да менің сөздерімді ден қойып тыңдап отырған секілді болып көрінді маған. Сосын өзіне сұрақ қойдым:

- Аға, өзіңізде намаз оқуға ниет бар ма?

- А жоға, мен дінге сенбеймін. Құдайға сенемін, бірақ дінге сенбеймін. Дінді (Алла сақтасын) Мухаммед өзі жазған, деп қойып кеп қалды. Мен не айтарымды білмей сасып қалдым.

- Сонда бұл қалай? деп, еріксіз қайта сұрақ қойдым.

- Мен дәстүрді ұстанам, отбасыммен бірге бейіт басына барамын, құран оқытамын. Бірақ дінге қатты сене қоймаймын. Күмәнім бар, -деді.

Сосын мен өзімше оған ғылыми, ақли дәлеледер айтқандай болдым. Сол кезде жолымыз да аяқталып, екеуміздің сұхбатымыз осы жерден үзілді.

Ойлап отырсам негізі дінге сенбеймін деген адамдар түпткі жан дүниесінде Аллаға, оның түсірген шариғатына да иланатын секілді. Тек олар жоғарыдағы аятта баяндалғандай өздерінің көңіл қалауларынан бас тарта алмайтындай көрінеді маған. Өйткені, адам ақылмен құдайдың бар екеніне, оның барлық жаратылыс үшін қойған заңдары болатынына тоқтайды. Бірақ өзінің жасап жүрген нәпсілік істерінің құдайдың заңында тыйым салынған амал болып, одан бас тартуға келгенде мұндай пенделер жанын қинағысы келмей, оданша дінді, құдайды жоққа шығара салғанды жөн санайды.

Мысалы қазіргі кезде бәзбіреулер дінмен күрескісі келіп, ақымақтың ісін жасап жүр. Олар діннің ақиқат екенін біледі. Тек қана біз жаңа ғана айтқанымыздай, олар өз басының көңіл қалауларынан арылуды қаламайды. Сөйтеді де, өзінің нәпсілік құмарлықтарын тізгіндеп адам болудың орнына, дінге күйе жаққысы келеді. Осы арқылы өзіндегі кемшілікті өзгені жаманатты ету арқылы жасырғысы келеді. Мұндай адам дін атаулыны өзінше түп-тамырымен өшіріп тастап, өзіне толық еркіндік сыйлайды. Одан кейін оның түсінігінде халал-харам, жақсы-жаман, күнә мен сауап деген ұғымдар болмайды. Көңіл қошы қалаған бүкіл нәрсені істейді, жейді, ішеді де осы арқылы өзіне хайуани өмір жолын таңдайды.

Көңіл қалауға еруге байланысты тағы бір мысал ретінде мұсылман қыздардың орамал мәселесін айтуға болады. Менің байқағаным ормалға қарсылық танытуда ерлерге қарағанда әйел азаматшалар көбірек белсенді болып келеді. Оның себебі де дәл біз айтып өткен «өзінің айыбын, біреуді айыптау арқылы жабуға тырысу» тәсілі. Әйел кісіге Алла тағала жабық киінуді бұйырды. Өзінің көңіл қалауын Алланың бұйрығының алдында бас идірген момын әйелдер киім кию үлісін раббысының қалауына қарай өзгертті. Ал, енді екінші топ болса «құдай жазған күні орамалымды тағып, намаз да оқимын» деп үмітпен күн кешуде. Нәзік жандылардың тағы бір тобы раббысына көңіл қалауларын жеңіп бере алмай, не болмаса екінші топтағы қыз-келіншектер секілді «иә, дұрыс, орамал тағу керек. Алла нәсіп еткен күні тағармын орамалды» деп, тым болмағанда орамалдың парыздығын да мойындамай, керісінше орамал туралы әртүрлі тұжырымдар ойлап табуда. Олардың айтатын уәждерінің басым бөлігі ақылға қонымсыз дүниелер.

Осындай үшінші топтағы әйелдер орамалға қарсы шығады. Себебі олар орамалдың Алланың парыз еткен бұйрығы екенін мойындаса, оны тағу керек болады. Ал, енді тақпаса раббысының алдында күнәхар болып қалғандай ыңғасыз күй кешеді. Олар мұның екеуін де жасамай өздерінше ең тиімді деп тапқан жоғарыдағы тәсілге көшті. Өзін толық еркін сезіну үшін мұндай ханымдар орамалдың парыздығын жоққа шығарды.

Олар өздерінің айтып жүрген дүниелерінің жай ғана көңіл жұбату екенін өздері де біледі. Көңілдерінде тыныштық жоқ мұндай пенделер үнемі үрей астында жүруі де ғажап емес. Бұл өмірдегі үрей сейілер-ау. Бірақ осылай өмірден өтіп кетсе ақыреттегі жағдай қалай болмақ? Алла өзі сақтасын!

Ешкімнің жүрегін жарып көрген жоқпыз. Бұл жай ғана менің жеке көзқарасым, тәжірибеде көрген-білгендерім мен ой-тұжырымым ғана. Ашық пен жасырынның бәрін білетін Алла жақсырақ білуші. Қателескен болсам Раббым өзі кешірім етсін!

Алла тағала бізді бұл секілді соқыр сенімнен сақтасын. Көңіл қалауымызға емес, тек бір өзіне құлдық ұруымызды жазғай! Әмин!

 

 

Аширалиев КабылбекАширалиев Кабылбек
6 жыл бұрын 6666
0 пікір
Блог туралы